Әр ақыннын тағдыры әр түрлі жағдайда қалыптасады. Тұқымы Қолайлы топыраққа түсіп, онай өнім беретін де, талмай ізденіп, қиыншылыкпен алыса жүріп шындық жолын табатын да ақындар болады. Сөйте жүріп олар өз тағдырын өзі жасайды. Сұлтанмахмұт осы соңғы жолмен жүрген ақын. Ол өз өмірін өзі, өз өлеңімен жасаған. Акынның шығармашылық жолын қадағалай қарап, өлендерінің жазылу ізімен жүрсеңіз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Сұлтанмахмұттың көрген өмір азабы, жоқшылық, жас таланттың соған қарамай ізденіп шарқ ұру іздері - бәрі оның шығармаларында сайрап жатыр. Бұл жағынан оны өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын деп айтуға әбден болады.

Сұлтанмахмұттың бірсыпыра шәкірттік өлеңдері (1907-1911) сақталған. Өлеңдік түрі мен көркемдік ізденістерінде жетіспеушілік бола тұрса да, олар жас акынның қоғамдық құбылыстардың мән-мағынасын, сырын түсінуге ұмтылысымен, өлең тілімен сурет жасауға деген алғашқы талабымен ерекшеленеді. Ол қоғамдағы әділетсіздік туралы, әйел тағдырына немқұрайды қарайтын мінез жайлы, дін мен діни окудың схоластикалық сипаты жөнінде айтады. Оларға өз ұғымындағы әділеттілік, адамдық, ар-иман туралы түсініктерді қарсы қояды. Суреткерлікке ұмтылыс оның бай қызы мен бай ұлтынын, байлық, пен кедейліктін бейнесін танытуға арналған жырларынан байқалады. Алайда олар үлкен ұғымдағы саяси көзкарасты, ақындық позицияны аныктай алмайтын еді. Мұндай ақындык таным мен байсалды көзқарас Сұлтанмахмұгтың 1912 жылдан басталатын шығармашылығының жаңа кезеңінде ғана бой көрсетеді. Соған қарамастан жас ақынның алғашқы талабы оның ескі ұғым мен діни білімнің шеңберіне сыя қоймайтындығының белгісі сияқты.

1912 - 1913 жылдары Сұлтанмахмұг Троицк қаласына келіп, онда әуелі медреседе оқып, кейін «Айқап» журналының редакциясында қызмет істегені жоғарыда айтылды. Осы кезден басталатын шығармашылық жолында оның ағартушылық көзқарасы анық танылады. Ол Абай мен Ыбырайдың осы саладағы ойларын дамыта отырып, өнер мен білім жолына үгіттейді, оқудың пайдасын әңгімелеп, мәдениетті елдердін тіршілігін үлгі етеді.
Өзінің бр тақырыптағы алғашқы өлеңін Сұлтанмахмұт қазақ жастарына арнайды. «Оқып жүрген жастарға» өлеңінде ол жас адамның оқуға деген ынтасы мен келешекке сенімін бейнелейді.

Үмітпенен жоқ қуған
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда  
Біздер қайтіп қаламыз.
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ, бәрін шаламыз.
Іс істейік бір болып,
Ашылмасын саламыз,  -  дейді.

Осы идеяны ақын «Оқуда мақсат не?» деген өлеңінде тереңдетіп, оқудың мақсаты - молда болып ескілікті бағу емес, әкім болып, шен тағу да емес, - өнер табу, халыққа пайдалы іс істеу екенін айтады. Ол «Жетімдік көрсе тістей қататын» молданың арам мінезі мен «тілмаш боп жем табуға» ұмтылушыларды сынайды. Сөйтіп, ол өз замандастарын:

Өнер-білім алуға,
Алға қарай баруға,
...Миллет көзін ашуға,
Терістіктен қашуға,
Заманаға көз салып,
Аяқты жөндеп басуға, -

үндейді.

Сұлтанмахмұттың бұл тұста жазған өлеңдерінде ізденіс, ұмтылыс сарыны күшті. «Шығамын тірі болсам, адам болып» деген өлеңінде ол:

Шығамын тірі болсам, адам болып,
Жүрмеймін бұл жалғанда жаман болып.
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.

Мен - балаң жарық күннен сәуле қуған,
Алуға күнді барып белін буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдін бетін
Болмасам толған айдай балқып туған, -

деп ақындық, азаматтық бағдарлама ұсынады. Осыдан бастап, ақын өлендерінің лирикалық кейіпкерінде шарқ ұрып іздену байқалады. Сол жолда ол нелер қиыншьшықты жеңуді ойлайды. «Ендігі бет алысы» өлеңінде:

Тұрмысты үмітім көп жеңем деген,
Жеңуде жігеріме сенем деген.
Ырқыма менің жүрер қай дүние,
Көнбесе өз ырқыма өзім денем.
Әрине, шыдар-ақпын өлуге мен,
Баспаспын жаман жолға көнуге мен,
Ақтармын оқып жетіп адам атын,
Басқаға жоқ ықылас бөлуге мен.
Менде жоқ қажу деген, ашу деген,
Торығып болымсызға жасу деген.
Ісіне құрт-құмырсқа ілтипатсыз,
Ойымда тек сол белден асу деген.
Шындықтын ауылын іздеп түстім жолға,
Ризамын не көрсем де осы жолда,
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ бір табармын деп көңілім сонда, - деп жазады.

Сұтанмахмұг - тым ерте оянған және халық, ел мұнын ерте түсініп жырлаған ақын. Осы балаң жігіт (19-20 жаста) кезінде жазған өлендерінің өзінде ол әлеуметтік теңсіздікті, қазақ халқының қоғамдық өмірінің мешеулігін, ескі ауылды езіп-жанышқан әдеп-ғұрып заңдарының қырсығын жіті көреді. Өз дәуірінін озат ақыны есебінде аталған ауыртпашылықтарға ол жаны ауыра қарайды. «Анау-мынау» өлеңінде қазақ халқының тіршілігін көрші елдермен салыстыра суреттеп, оның басқалардан кейін тұрғанын көріп күйінеді:

Анау кырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Бастарында азап тұр.

Ақын өлең түрі жағынан бірқатар ізденістерін байқатқанмен, бұл жырлар, негізінен, үгіттік өлеңдердің дәрежесінен асып кете қойған жоқ-ты.

Оқу жолындағы үзіліс, «Айқаптағы» қызметтен кету, одан кейінгі Баянауылға барып «Шоң серіктігін» ұйымдастыру талабының іске аспауы оның шығармашылығына өзгеше бір сипат алып келді. Өмірден қағажу көріп, ойындағысы бола қоймаған қайсар талант жырларында бунтарлық мінез көріне бастайды. Оны да заман дарытқан еді. Ақын өлендерінің лирикалық кейіпкері бойынан, өзі айтқандай, «Қараңғылықтың кегіне» ызалана алға ұмтылған, ізденімпаз, білім-өнер аңсаған жаңа ұрпақтың өкілін танимыз. Омір бойы халқы көрген азап пен надандық, қазақи қыныр мінездер ашындырған оның «Шындықтың аулын іздеуге» бел шешіп кірісуі де осы кез. Осы жолда ол алдымен орыстың тілін, ғылымын үйренуді мақсұт тұтады.

Оллаһи, ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи тірі болып жүрмеспін мен.
Келгенше осыларды отыз жаска,
Іншалла, бәрін түгел ұғам басқа.
Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,
Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа!

Сұлтанмахмұттың ақындық, азаматтық жаңа бағдарламасы ретінде ұсынған осы сөзінен лапылдап тұрған ақындық мінездін қайсарлық пен табандылыққа ұласуын көреміз. Ол нені айтса да қарабайыр айта алмайды, таусылып, жеріне жеткізе, оқырманын иландыра айтады. Оның «Шоң серіктігін» ұйымдастыруға жәрдем бермеген Шорманның Садуақасына айтқаны мен сол ауылдан ренжіп шығып келе жатқанда достарына айтқан сөзінде де осы мінез байқалады. Ешбір кедергіге мойын ұсынбай, «ілім-білім жинап» халыққа қызмет ету, жұлдыз болып емес, «толған айдай балқып туып» еліне жарық болу, сөйтіп «Қараңғы қазақ кегіне өрмелеп шығып күн болу», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуға кіру» - Сұлтанмахмұт мұрат тұтқан асқақ идеялар. Сол ғана айта алған, сол ғана армандаған тың жол, тың мақсат! Осы арқылы ол лирикалық кейіпкері бойына дәуірдің рухын дарытты.

Осыдан бастап Сұлтанмахмұт ағартушылығы бірсыпыра тереңдейді. Бұрынғы үгіттік өлеңдердің орнына лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттейтін жырлар туады. Ақын характерді алға ұстайды, өмір шындығын соның ұғымы мен ісі арқылы ашуға ұмтылады. Өмірдің күрделілігі сияқты нақты адам тіршілігі де күрделі, қайшылықты. Ойлаған іс орындала бермейді, алыс арман жеткізбейді. Әрбір сезім адамы сияқты ақын да бұған қайғырады, күйінеді, күйзеледі. Сұлтанмахмұг та, оның лирикалық кейіпкері де оны бастан аз кешпеген. Ол кешкен қиыншылықтар мен сәтсіздіктер ақын жырларында мол із қалдырған. Алайда бұл өлендерден лирикалық кейіпкердің тағдырға мойын ұсынбай, лапылдап от боп қасарыса алға ұмтылғаны, ауыртпашылыққа қарсы шабар өжет мінезі көрінеді.

Ден сау болса тағдырдың,
Көкке ұшырам күлдерін.
Жігермен талап еткен соң,
Қоям ба екен сүлдерін.
...Серпіп тастап түндерін
Туғызамын күндерін,
Қаңкылдатып каздарын
Шығарамын жаздарын, -

дейді ол.

Тағдырға ақын өз «менің» қарсы қояды. Онын философиясы - адамның өзін өзі билеуі, өз еркін өзі бағындыруы, «Еркіме жүрер менін қай дүние, көнбесе өз еркіме өзім денем» деген ой. Сондықтан да ол:

Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
«Тағдыр қылды» деулерді,
Шығарамын сөзімнен.
«Өзім қылдым» деулерді,
Таса қылман кезімнен.
Жазалы емес құдай да,
Күн мен жұлдыз һәм ай да.
Жұмақ күгкіш наданнын
Орны тозақ әрқайда.
Теңгерер соңыра деген сөз
Тек жұбатқан бір айла, -

деген қорытындыға келеді. Адам еңбегін, рухын көтеру қандай леппен, ойшылдыкпен, батыл, әрі анық айтылған! Бұл өлеңдер Сұлтанмахмұттын қандай күйде болса да, келешектен үміт үзбеген өр, романтикалық сезім күйін, зор талабы мен асқақ арманын танытады. Ол туған халқын шын жүректен беріле сүйеді. «Туған еліме» өлеңінде ол: «Балалыққа жарасаң, аталыққа жарайсың» дейді халқына.

Қайтейін, елім, қимаймын.
Қия алмай жанды қинаймын.
...Алты қырдан ассам да,
Сөздеріңді сыйлаймын.

Осы кезден бастап Сұлтанмахмұт шығармашылығында ескіні сынау айрықша бір өткір түрге көшеді. Ол қазақ ішіндегі ұнамсыздық, келеңсіз мінездермен кектесе, оларды ызалана шенеп, мінейді. Феодалдық-патриархалдық салт-сананың тозығы жеткен жақтарын аяусыз әшкерелеп, олардың өмірсіздігін ашады, жаңару күтіп түрғанын дәлелдейді. Сол арқылы ақын өз дәуіріндегі қазақ қоғамы дамуының күрделі мәселелері жайлы түйін жасайды. Заманына, заман адамына, қазақ қауымының сол тұстағы өкілдеріне деген ащы сөз «Жарлау», «Сымбатты сұлу», «Бұлар кім?» сияқты өлендерде анық бой көрсетеді. «Жарлауда» ақын қазақтың сол кездегі бас көтерер азаматтарына, ұлы-қызына, ақсақалдарына жар сала отырып, олардың өнер-білімге енжарлығын, партия, дау-жанжалға құмарлығын бетіне басады. Қазақ кызының тағдырына аяушылық білдіріп, малқұмар, қызқұмар шалдарды айыптайды. «Бұлар кім?» өлеңінде қазақты бұрынғы ер түріктің азып-тозып күлкі болған жұрағаты деп зарайды да, «үсті-басын мұнар жапқан», қарнынан басқаны ойламайтын, малға арын сатқан, «өзі жатып құдайды жұмсайтын» жалқау, бірін-бірі жау көретін кертартпа мінездерді аяусыз әшкерелейді. Ал «Сымбатты сұлуға» - қазақ әйелі туралы сыпайы ұғымға кір келтірген әдепсіз, көргенсіз қыздардың мінез-құлқы туралы улы сатира.

Ақын қазақ қауымының осы күйі, болашағы жайлы көп ойланады. Патшаның отаршылдық саясатына да, ел әкімдерінің екіжүзді кылығына да сене алмайды. Келешектің не боларын түсінбей дағдарады. Мұны ол бірде тұспалдап («Түсімде», «Кеше түнгі түс, бүгінгі іс») айтса, бірде дала табиғатының енжар күйімен астастыра суреттейді («Жазғы қайғы»), тағы бір өлеңдерінде көңіл, жүрек сезімі күйінде («Көңілді көндіретін тағдыр») бейнелейді.