«Асқақ арманды ақын»
Ақын С.Торайғыров – қазақ әдебиетінің тарихында өшпестей із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ ақыны, екінші ағартушы. Ол қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен бірден-бір ақын. Сол уақытта жаңа, белгісіз жанрда өлең жазған ақынның әртүрлі шығармалары бар, атап айтсақ: екі роман, бес поэма, көптеген өлеңдер, мақалалар, очерктер және публицистикалық шығармалар. Ақын қазақ поэзиясына айтарлықтай үлес қосты, оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасы енді, бірнеше ұрпақтың игілігіне айналды. Осы орайда Бақбақты ауылдық кітапханасында Республикалық «Бір ел – бір кітап» акция аясында ақын С. Торайғыров шығармаларын насихаттау барысында «Асқақ арманды ақын» атты поэтикалық марафон №1 Жамбыл атындағы орта мектептің 8 сынып оқушылары, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдерінің қатысуымен өткізілді. Шараны жүргізген кітапханашы Б.Ойшиева ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, ақынның терең ойлы, шешен сөзді, сұлу талғамды ақын екенін, реалист, лирик ақын екені,ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жаңа биікке көтеріп, заманының қайшылықты шындығын өз шығармаларында жан – жақты бейнелеген, көркем сөздің халықтық мән мағынасын көтеріп, жаңа жанрларды ізденістер жасаған, туған халқын отаршылдық пен ұлттық егзінің екі жақты қанауынан азат етуге, ел бостандығына үн қосқан ақын, қазақ ауылындағы ескі әдет – ғұрыптарға, керкеткен кеселді қылықтарға қарсы болғанын, әсіресе әйел теңдігі мәселесіне айрықша көңіл бөлгенін, қалың мал мен әменгерлікті жоюды көздегені жайында айтып өтсе, оқушылар С.Нәдірбекова, Г.Қаспақбай, М.Тапанов, А.Асылбек, С.Жоланова, А.Жылқыбай ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқып, мәнерлеп оқу шеберліктерін көрсете білді. Шараға орай ұйымдастырылған «Қазақ көгіндегі күн-Сұлтанмахмұт» атты кітап көрмесіне шолу жүргізіліп, оқырмандарға ұсынылды.
«Ақық жырдың ақиығы»
Халқын оқуға, білімге үндеген ағартушы, адамдық табиғаты жағынан алғанда күрескер, дүниеге көзқарасы жағынан алғанда, гуманист, демократ, философия, әдебиет тұрғысынан алғанда сыншыл, реалист ақын С.Торайғыровтың шығармалары биылғы жылғы «Бір ел-бір кітап» акциясының таңдауы түскен жыл кітабы атағына ие болды. Ақынның шығармаларын насихаттау барысында Көктал ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен 19.04.2017ж. Ә.Ахметов атындағы орта мектепте «Ақық жырдың ақиығы» атты тақырыпта слайд-галерея көрсетілді. Шараға 5,8 сынып оқушылары, ауылдық жастар ұйымының жетекшісі А.Нұрхамитұлы, мектеп мұғалімдері Ж.Елшібаева, М.Жекебаева, А.Ескелді, Г. Изетова қатысты. Кітапханашы Р.Екібаева ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын слайдтың көмегімен деректер келтіріп, шолу жүргізді. Слайд көрсетіліп біткеннен кейін ақынның өмірбаяны, шығармашылығы, ақынның құрметіне арналып аты қойылған музейлер, университеттер, жалпы ақын жайлы фотогалерея көрсетілді. Шара соңында оқушыларды сергітіп, білімдерін жетілдіру мақсатында С.Торайғыров жайлы викторина сұрақтары ойнатылды.
«Сұңғыла сөздің сұлтаны – Сұлтанмахмұт»
Балқаш
аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен 27.04.2017ж. « Бір ел – бір
кітап» акциясы аясында «Сұңғыла сөздің сұлтаны – Сұлтанмахмұт» атты
тұлғалық әуезді кеш өткізілді.
Кешке №1 Бақанас орта мектебі және мектеп-интернат оқушылары, қазақ тілі, әдебиет пәнінің мұғалімдері,тәрбиешілер және де кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Кешті ашқан кітапханашы жыл сайынғы дәстүрмен өтетін «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы белгілі бір қаламгердің шығармасына арналып өткізелетіндігін, акцияның 2007 жылы Абайдың қара сөздерінен басталып, бүгінде көрнекті ақын С.Торайғыровтың шығармаларын насихаттауға ұласқанын, кештің негізгі мақсаты есімі елге кеңінен танымал, көрнекті ақын С.Торайғыровтың шығармаларының маңыздылығын, өміршеңдігін түсіндіре отырып, жастарды кітап оқуға баулу екенін айтып өтіп, кітапхананың тұрақты оқырмандарына сөз кезегін берді. Жүргізуші ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, кеш қонақтарына «Шешен сөзді, сұлу талғамды ақын» атты слайд шолуды ұсынса, поэзия минутында кітапхананың үздік оқырмандары, «Мөлдір бұлақ» клубының мүшелері ақынның жырларынан «Қандай», «Қазақ тілі», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы», «Алаш ұраны», «Адасқан өмір», «Арманым», «Оқу», «Таныстыру» үзінділерді нақышына келтіре жатқа мәнерлеп оқыды. Небары 27 жыл өмір сүрген ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров туған халқын ездіктен ерлікке, қараңғылықтан білімнің биік шыңына шақырып, артында өлмес мұра қалдырды. Шара барысында осының айғағы ретінде «Жыр мұхитының жиһангері» атты кітап көрмесі қойылды. Көрмеге ақын шығармалары мен ақын туралы жазылған әдебиеттер қойылды. Кітапханашы көрмеге библиографиялық шолу жасап, «Бір ел – бір кітап» акциясы туралы мағлұмат берді. Шараға жиналған қауым арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына орай викториналық сұрақтар мен ақынның жырларына «Мозайка» ойыны ұйымдастырылды. Кеш қонақтары өз ойларын ортаға салды. Мектеп интернат кітапханашысы Жанна Нахақызы өз арнауын тарту етті. Кеш ақынның «Алаш туы» өлеңімен қорытындыланды.
«Ұлтын сүйген жүрек үні»
С.Торайғыров-қазақ халқының перзенті, ақын, лирик, ойшыл талант иесі, дара тұлға. Қазақ тарихында ой санасы ең қырағы, ең қанатты, ең қазыналы қайраткерлердің бірі. Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен ақындардың бірі. Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ақын С.Торайғыровтың шығармаларын насихаттау барысында Ақдала ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлтын сүйген жүрек үні» атты поэзия кеші өтті. Шараға Ақдала ауылының әкімі Ә.Болатов, жетекші маманы Ғ.Бегімжанов, Ақдала орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Бейкімбаева, мектеп оқушылары және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Кештің ашылуы Ақдала ауылының әкімі Ә.Болатовтың құттықтау сөзімен басталды. Ақдала орта мектебінің оқушылары С.Торайғыровтың «Шәкірт ойы», «Адасқан өмір», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Асыл сөз», «Қымыз» және т.б. өлең – жырларын оқыды. Кітапханашы Г.Мұхтарова «Сан қырлы ақын» атты слайд- шоуды көпшілік оқырман қауымға таныстырып өтті.