Сөзінде тұрмады деп өкпелей көрмеңіз, түгел жазып беруге уақыт болмағандығын жазылған қағаз, қалам, қара сия формасынан да аңғарарсыз. Және ораздағы уақытым қазақ шаруасынан аса алмайтындығы мәлім ғой. Неге десең, бала оқыту, құран, тарауың, рекағат... тиын-сиын, пайда... қарастырумен болады ғой. Және мұны да біліп қойыңыз. Өзіңіз көргендегіден біресе көбейтіп, көп сөздер қосып түзедім. Осындай тетрадь қағазымен отыздан аса қағаз шамасында болар, бәлки, қырық болуы да мүмкін. Сөз жобасы осы жеті бөлімнен де белгілі болар.

Сұлтанмахмұт.

Егер реті келіп, бастыртам деп айтушы талапкер болса қарастырарсыз. Қолайлы тапсаңыз хат жазарсыз. Тіршілік болса, әбден түзеп, түгелімен жазып, мұнан орны келмесе, жіберуге де болады.

1912 жыл, 15 август, Баянауыл.