Мынау біраз сөзіме журналыңыздан орын берсеңіз екен.

Мен өзім Семей облысына қараған Баянауыл маңындағы Ақбеттау болысындағы бір фақыр адамның баласы едім. Ғылым іздеуге арманым болсада, дәрменім болмай жүрген жайым бар еді.

Биыл өзіміздің болыстың бас адамдары Ғаббас, Садық, Ілияс қажы, Шоң балалары мені есіркеп 90 теңге жинап беріп, Троицк шәһәріне жөнелтті.

Биылша мұнда әзірлетіп, келешек жылы «Ғалияда» оқытуға уәде берділер. Бұлардан басқа Ақкелін болысындағы Садуақас мырза Шорманов та жәрдем етуге уағада берді.

Мен Троицкіге 25 ноябрьде келіп, басқа медреселерде оқу ертерек басталғандықтан, жаңарақ тәртіпке салынып ашылған Ахон Рахманқұлұлы медресесіне кірдім.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы.
1912
Троицк қаласы.