Мен өзім жұмасында екі ғана обед етем (ет татам), құр шаймен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртаба болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Әбубәкірдегіден басқа бір тиыным ақымақтық жолға кеткен жоқ. Он хат жаздым, Әбубәкірден әлі бір жауап жоқ. Мына шошқалыққа не жаным шыдар! Өз обалым өзіме. Мен оған шәкірттікті басынан кешкен деп, жұрттың бәрін сендей көріп сендім. «Қазаққа» бұл туралы жаздым, не өледі...? 25 сомды артымнан жіберетін болған соң, үйдің кезіндегі бір зәру жұмысына қалдырып едім. Неше хат жаздым, хабар жоқ. Әкем менен малын неге аясын. Бірақ ел болып қорқып, «атты алады, малды талайды» деп, қалаға қатынаспай жатыр ғой деп ойлаймын.

Халім осы. Сонда да қайғырмаймын, бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерсм. Бірақ көңілім оқуда болмақ.

Сұлтанмахмұт.
1916.Томск қаласы