Мен Сұлтанмахмұтпен жастан бірге өстім. Сәби шақтағы сатыр-сұтыр ойынды да, бала кездегі әліппиден басталатын оқуларды да бірге өткіздік. Екеуміз екі жаққа оқуға кеткен, екеуміз екі жақта қызмет істеген уақыттарда Сұлтанмахмұт екеуміз үнемі хат жазысып, достық, туыстық сезімдерімізді білдіріп отырдық. Сұлтанмахмұттың ең қиын шақтарында қаражат жағынан болсын, емдеу жағынан болсын қолымнан келгенінше көмек көрсетуге тырыстым. Ол қатты ауырған кезде Омбы қаласынан оқып алған дәрігерлік білімімді, тәжірибемді Сұлтанмахмұттан аяғам жоқ. Сұлтанмахмұттың өзін де, өлендерін де мен өте жақсы көруші едім. Сол себепті ме қалай, оның көптеген мінезі мен істері, өлеңдері мен сөздері менің есімде қалыпты. Соның ең нақты дегендерін айтып беруді борышым деп санадым. Олар төмендегідей еді.

Мен жас кезімде тұрымтай ұстауды, оған торғай, бөдене ілгізуді қызық көруші едім. Кей күндері Мақышпен (ол кезде Сұлтанмахмұтты еркелетіп Мақыш дейтін) бірге ойнамай, өз бетіммен тұрымтайыма торғай, бөдене ілдіруге кетіп қалып жүрдім, өйткені Мақыштыңөзі мен шақырғанда бұл қызыққа бармайтын, маған ермейтін. Бір күні жалғыз қалғанына ызаланды ма, әлде басқа ойы болды ма, мен тұрымтайымды қолыма ұстап отырғанымда,ол жаныма жетіп келді де, қолымдағы тұрымтайымды шапалақпен тартып жіберді.

─ Тұрымтайыма неге тиісесің?! - деп мен ренжідім. Сонда ол томсырая, кәдуілгідей салмақтана түсіп мынаны айтты:

─ Сенің тұрымтайың зорлықшыл, жыртқыш! Соны біле тұрып сен оған кіп-кішкентай кінәсіз құстарды жәбірлетесің. Мен сол үшін оны ұрдым. Сұлтанмахмұт тарс-тұрс ашулануды білмейтін, жәбірге көнбейтін ақылды бірбеткей еді. Мұқан молдадан оқып жүрген кезімізде оның осы мінезіне қызығып, біз Сұлтанмахмұтқа әдейі ызаландыру үшін жабылатынбыз. Бірақ ол тіпті де ашуланбайтын. Біздер онан сайын ерегісіп, оны түйебас қылуға шейін баратынбыз. Кейде Сұлтанмахмұттың бір жерлері ауырып та қалатын. Біздің бетімізді қайтармақшы болған Сұлтанмахмұт бір күні әкесіне ақ шоқпар істетіп алады да, сабаққа келгенде бізге көрсетпей бірге ала келіп, қардың астына тығып қояды. Сабақ біткен соң, біз әдеттегідей асыр салып, Сұлтанмахмұтты ортаға ала бастадық. Сонда Сұлтанмахмұт шегіншектеп барып, қар астына жасырып қойған әлгі шоқпарын суырып алып, бізге қарсы қасқая тұра қалып, сол арада қолма-қол мына өлеңді айтты:

─ Кәнекей, енді бәлем тиші маған!

Шоқпармен бір-ақ салып басың жарам.

Бәріңді дүркіретіп қуып тастап,

Үйіме батыр болып жалғыз барам.

Бұл өлеңді біздер сол арада жазып алдық та, шоқпарын тартып алып, сындырып тастадық. Ол еш ренжіген жоқ. Кейін бұл өлеңді бүкіл бала жатқа айтып жүрді. Бұдан бұрынырақ кезде, Сұлтанмахмұт екеуміз қыстың сары аязында ойнап жүрген кезімізде, мен байқамай оның ескі тымағының құлағын жұлып алдым. Сұлтанмахмұт біраз үндемей тұрды да, мені жақын кел деп шақырып алып, мына өлеңді айтты:

─ Тұмағымның құлағын,

Жұлып алдың, не түсті?

Үсиді - ау енді құлағым,

Міне, суық жел есті.

Не деп айтам апама,

Біліп қойса бұл істі?

Мен ұялып қалдым, ұялғанымнан өзімнің басымдағы тұмағымды кигіздім. Сұлтанмахмұт оны өзіме қайтып берді де, өз тұмағын жалпитып киіп алды. Мен оны үйге алып келдім. Шешеме тұмағының құлағын тіктірдім. Сөйткенше кеш болып қалды да, Сұлтанмахмұт біздікіне қонбақшы болды. Баласын көзден таса қылғысы келмейтін Шоқпыт іңірде жетіп келді. Бірақ Сұлтанмахмұттың біздің үйде екенін білген соң, тамақ ішті де кетіп қалды. Сөйтіп, түнде Сұлтанмахмұт екеуміз бірге жатып, ертеңінде оқуға бірге бардық. Біз осылайша күйеу Мағзұм, Садуақас молдалардан да бірге оқып, балалық шағымызды бірге өткіздік. Тек 1911 жылы ғана біздің ауылға Семейдің мұғалімдер семинариясын бітірген Ахметолла Барлыбаев дейтін мұғалім келіп, үш бөлімді бір кластық орысша мектеп ашты да, мен соған ауысып кеттім. Сұлтанмахмұт мұсылманша оқып қалып қойды. Бірақ қыс бөлініп, жаз ылғи табысып жүрдік.

Сұлтанмахмұт нені болса да салғастыра ойлап, оған өзінше сеніп барып иланатын еді. Бір иланса, одан қайтуы оңайға соқпайтын. Ал беті қайтса, сол минутында сілкіп тастап жүре беретін. Әсіресе, зорлық-зомбылық, әділетсіздік, алдау-арбау оның жүрегіне тікенектей қадалатын. Ол бұларға қарсы бар күшін сала күресетін, егер жеңдірмей бара жатса, бұлан- талан ашуланып, қатты ызаланатын.

Бір мысал келтірейік. Біздің елде Қарер, Қарабек, Хамза дейтін үш жетім бала болды. Қарабек безгек сияқты бір аурумен сырқаттанады. Баланың аңқау шешесі алдыңғы істерін білмей басқа елдегі бір тәуіпті шақыртады. Тәуіп қойдың өкпесімен қағып жазамын деп, бұлардың бір тоқтысын сойғызып тастайды. Бұл тәуіп осыдан бұрын елдің бір сырқат адамын емдеймін деп өлтіріп алған болатын. Мұны Сұлтанмахмұт та жақсы білетін. Қарабектікіне осы тәуіп келді дегенді ести сала ол жетіп келеді. Келсе, тоқты сойылған, тәуіп баланы ума-жума зікірлеп жатады. Сұлтанмахмұт «мұның не, тоқтыны неге сойғыздың» дегенде, тәуіп оның өзіне ұрсып маңайына жолатпайды. Сұлтанмахмұт ызаланып, ши астында жатқан оқтауды ала сала тәуіпті бастан періп қалады. Тәуіп балаға енді ем дарымайды деп кетіп қалады.

Сұлтанмахмұт жастайынан көп оқыды. Әуелде діни мектептер біраз уақытын алғанымен, ол кейін әртүрлі пәндерге, көркем әдебиетке жан-тәнімен кірісіп кетті. Сұлтанмахмұттың бір қасиеті - ол кез келген нәрсені оқи бермейтін, әуелі байқап, не білетін адамдардан сұрастырып көретін. Сұлтанмахмұт тіпті арабша оқып жүрген кезінің өзінде де сол оқитындарын өзінше қазақшаға аударып, талдап, «осылардың не керегі бар» деп отыратын еді.

Сұлтанмахмұт, әсіресе, көркем әдебиетті көп оқыды, көп жаттады. Абайдың, Ғабдолланың, Салтыков-Щедриннің, Лермонтовтың шығармалары мен ауыз әдебиетін,халық өлеңдерін жас кезінің өзіңде бас алмай оқып, ылғи жаттап жүруші еді. Кейініректе Л. Толстойдың, Гончаровтың, Кольцовтың, Некрасовтың еңбектерін де көп оқыды.

Соларға еліктеп өлең де жазып жүрді. Мәселен, ол Тройцкіде оқып жүріп жазғы демалысқа келген кездерінде бір ретте Ғ. Тоқаевтың «Шурале» деген лақап атпен шыққан «Яшин ташлар» (жасыл тастар) атты көк тысты екі жұқа кітабын ала келіп, ондағы сықақ, мысал өлеңдерін аудармақшы болды. Онда саудагерлерді, Құсайын қажыны келекелейтін, қыздарды әжуалайтын, сынайтын өлеңдер, әңгімелер көп екен. Сұлтанмахмұт соларға еліктеп, өзінше «Сымбатты сұлуға» өлеңін жазды. Ғабдолланың осы кітаптағы көп өлеңін жаттап алды. Ғабдолланың:

Акдүр пәки саплары,

Көкдүр пәки саплары,

Отыз бештә, қырқ бештә

Қыздың «мотур» шақлары, - дейтін кәрі қыздарды мазақтаған өлеңін әзіл етіп үнемі айтып жүруші еді.

Аты есімде жоқ, Ғабдолланың сол кітаптарының бірінде ұлтшылдықты мысқылдайтын өлең сияқты бір үйлесімді әңгіме болды. Онда асханаға келген біреу бұрышқа шашалып,жаман қиналады. Көзінен жас парлайды. Сонда көлденең біреу «неге жылайсыз» деп сұрайды. Бұрышқа шашалып отырған оқығандау кісі «Милләтім үшін» деп жауап береді.

Сұлтанмахмұт осыны өлеңмен аударды. Аудармасы тамаша еді. Ол өзінің «Тентектің жиған шоқпары» деп атаған қолжазба кітабын осыдан кейін жазды. Оған Ғабдолланың жаңағы кітаптарынан аударғаны, өз жазғандары енді. Қолжазба кітабы «Сымбатты сұлуға» өлеңінен басталатын еді. Бірақ ол кітабы кейін жоғалып кетіпті.

Сұлтанмахмұт өлең жазардың алдында көп ойланып, көп толғанатын, маңайындағының бәрін ұмытатын, жақын адамдарымен де сөйлеспей қоятын. Ол сол ойлану кезінде есінен танған адамға ұқсап кетуші еді. Басының төбесін саусағымен айналдыра беретін. Далаға жеке шығып кететін. Ал жаза бастаса - ақ, өте тез бітіретін, басқа нәрсемен еш айналыспайтын. Ол «Кедей» дастанын да, «Адасқан өмір» дастанын да бір-бір жұманың ішінде бітірген еді. Бұл екеуін жазарда кітапты көп оқып жүрді. Мен Герценнің кітаптарын да оқып жүргенін көрдім.

Сұлтанмахмұт Мәшһүр - Жүсіппен 1919 жылы талай рет кездесті: екі рет өзі іздеп барды, Баянауылда да талай кездесіп жүрді. Мәшһүр оның өлеңдерін көшіріп алатын еді. Әлі есімде, Мәшһүр Сұлтанмахмұтпен біздікінде бір кездескенінде: «Қобыланды тұқымынан шыққан батыр Қажымұқан болса, Торайғыр тұқымынан шыққан ақын сенсің», - деген еді.

Сұлтанмахмұт біздің жақта совет үкіметін орнату жолында көп еңбек етті. Ол ауыр сырқатына қарамастан ел ішінде волком сайлауын жүргізді, кедейлерді ел басқаруға, билікті өз қолдарына алуға үгіттеді. Көптеген баяндамалар жасады. Сөйтіп жүргенде ауруы асқынады. Ол сонда да ел аралаумен болды. Сол ел аралап жүріп, бір күні Баянауыл болысындағы Қаржас елінде Жанысбай дейтін байдікіне түседі. Сұлтанмахмұттың сырқат екенін және совет үкіметіне қызмет етіп жүргенін бұрыннан білетін Жанысбай волкомның уәкілі ретінде барған оған реңінің нашарлығын көріп, жөтелгенін көріп, жаны ашыған болып, ертеден жатқан алмастың бір қасық ерітіндісін береді. Сұлтанмахмұт менің әуелден ескертіп қойғаным бойынша:

─ Дәрігердің рұқсатынсыз ішпеймін, рахмет, - дейді.

─ Қарғым - ау, о не дегенің, мен осыдан жазылған жоқпын ба. Сен маған, - деп Жанысбай иландырады. Сұлтанмахмұт ішеді, бірақ артынша уланып, қолма-қол түнделетіп маған келді. Мен ол кезде Баянауылда болатынмын. Мен дереу дәрімен уытын қайтардым да, енді елге - Ақбеттауға барып, тынығу керектігін айттым. Сұлтанмахмұт менің айтқаныма көнді.

Бұл кез 1920 жылдың қысы болатын. Төсек тартып қалған Сұлтанмахмұттың өз үйінде жағдайы болмады. Сол себепті менің немере ағам Шернияздан өз үйіне апарып, жеке бөлмеге қойып күтті. Бөлменің ішіне қарағайдың бұтағын іліп, алмастырып отырдық. Қысырдың қымызын бердік. Әр түрлі ем жасадық. Сұлтанмахмұт біраз айығыңқырады да. Сол сергіңкіреген кезінде «Дала ақыны мен қала ақынының айтысы» атты дастанын жаза бастады. Бірақ көктемде сырқаты қайта демдеді де, содан әрі жазуға мүмкіндігі болмады. Күн жылынғаннан кейін Сұлтанмахмұттың өз қалауы бойынша әкесінің киіз үйін бір төбешікке тігіп, сонда күттік. Сұлтанмахмұт бұл кезде әбден әлсіреп, совет үкіметі жайындағы кішкене кітапшалардан басқа ештеме оқи алмады. Сөйтіп, аса қадірлі замандасым әрі туысым Сұлтанмахмұт 1920 жылы 21 май күні түстен кейін дүние салды да, ойлаған мақсатына еркін жете алмай, бастаған шығармаларын аяқтай алмай арамыздан кетті. Ол өзінің «Кім жазықты?» романын да қайта жазбақшы еді, мұнысы да орындалмады. Мен осының бәріне кейін күйініп те жүрдім. Сұлтанмахмұттың: «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмай барамын. Әр ақыңды өз қалыбыңда, өз ниетінде, өз сөзімен сөйлетіп едім. Бірақ мелистік қала ақыны деп отырғаным да совет ақыны емес, капиталистік қаланың ақыны еді. Поэманың соңында екеуін де техникаға жүгіндірмекші едім. Жиған-тергенімді тапсырғанда, осы жайды қадағалап айтарсың», - деген өлер алдыңдағы сөзі әлі есімде. Сұлтанмахмұт менен бір-ақ жас үлкен еді. Бірақ біз оны бәріміз де аға тұтатынбыз. Оның өлер алдында айтқан өсиет есепті ақылы да, бізге борыш етіп қалдырған тілектері де менің көкірегімде сақтаулы. Егер уақытым болса, Сұлтанмахмұт жөнінде өзімше арнайы очерк жазам ба деген ойым да бар. Мұның өзі марқұм Сұлтанмахмұт үшін де, оны сүйіп оқитын көпшілік үшін де пайдалы болар деп ойлаймын.

1960, 4-5 июнь