Жасыңда Сұлтанмахмұттың маңдайында кекілі болды, білмеген адам оны әйел бала деп қалушы еді. Бетіңде шешектен қалған бұжыр даты бар сарғыш бала еді. Інісі Бәшен Шоқпытқа тартқан, Сұлтанмахмұты нағашысына тартқан деуші еді. Шоқпыт Қарауыл елінен көшіп келіп Бибішке үйленгеннің келер жылы тастан, топырақтан қалап, Торайғырға қараған жер шетіне жалғыз қыстап, үй салып алды. Қорасы да тастан қаланған. Үйдің қалыңдығын бір кездей қылып қалады, артық бейнет, артық расходқа қарамады. Су да алыс болды. Су алатын бұлақ барып-қайтуы үш шақырымдай еді. Малын Торайғыр көлінен суарды, қол де алыс, екі шақырым еді. Осы қыстауға бірнеше жыл қыстады. Оған қажымады, жалғызбын демеді, Сұлтанмахмұт пен Бәшеңді өзі оқыта бастады, үйткені өзінің аздаған арабша хат танитыны бар еді. Жаз ел жайлауға көшкенде, әйелінің жақыны Жақсылықтың баласы Тортай дегенді «балаларымды оқыт, сабақ бер» деп қолына ұстатады. Тортай домбырамен өлең айтатын, арабша бейіт айтатын еді. Өзі жас, түнде алтыбақан қасында болады. Шоқпыт оны талай алтыбақан басынан алып қайтатын.

Ел Келбет дейтін жайлауда, Шоқпыттар бөлек ауыл. Ай қараңғы. Түн. Біздің ауылдың қотанындағы қойы үрікті. Ауыл у-шу, шулап үрген ит. Бір лақ бақырып барады. Қасқыр алып қашып барады деп, барлығымыз қуып келеміз. Беті төменгі тас шұқыр. Бір уақта лақ жақтан адамның ойбайлаған дауысы шықты. Келсек, біреу біреуді сабап жатыр. Бұл не десек, лақ болып бақырып қашқан Шоқпыттың бала молдасы Тортай екен. Лақ бақыра жөнелгенде, Шоқпыттың қабаған шолақ төбеті жұрт айтақтап далаға шыққанда қуа жетіп, Тортайды алып тұрған. Іле жүгірген Шоқпыт Ақшолақ қасқыр алып жатыр ма деп келсе, молдасын талап жатыр екен. Айырып алдық. Шоқпыт айтады: - Мен мұны балаларымды оқытады, тәлім береді десем, мұның қылып жүргені мынау. Ендігәрі мұндай істеме. Сені көріп балалар не болады? Біздің ауылда да молда бар. Ауыл арасы жақын. Бізді Жұмат оқытады. Бірақ біз қой өрісінен барамыз. Ұйқымыз келіп қалғып отырамыз, түк ұқпаймыз. Шоқпыт олай оқытпайды, балалардың ұйқысы қанған соң асын беріп, сонан кейін оқытады. Тортайды бір-ақ жыл ұстады. Одан кейін Садуақас молдадан бәріміз бірге оқыдық. Біз бұрын хат таныдық. Мына екі бала кеш, бірақ бір айтып берген сабақты Сұлтанмахмұт жаттап алатын болды. Шоқпыт балалары өсе бастағанына өте қуанушы еді. Балалары не тілесе соны орындап тұрды. Өскен сайын Сұлтанмахмұт адамға жақын, жуас, бет - пішіні сүйкімді, жылы жүзді болды; өгей шешеге еріксіз жақты: өзінің ішінен шыққан баладай болды, басқалығы болмады.