Сұлтанмахмұттың анасы Зүплен Қарауыл еліндегі Жадайдың қызы. Менің әкем Қожахмет пен Сұлтанмахмұттың әкесі Әбубәкір елден көшіп кетіп, жезделері Әнәпияны сағалап Шабан - Шаншар еліне барғанда, Әнәпиядан пәлендей жақсылық көре алмай, оның жылқысын бағады. Әнәпияның жылқысын бағып жүргенде Меңіреуді қыстайтын Оспан аулы Әбубәкірдің салығы болады. Ол көбінесе Жадайдың үйінде жатып, кір - қонын сонда жуғызып алады. Соның арқасында Жадайдың ұлыБәкенмен танысып, сол арқылы оның қарындасы Зүпленмен көңілдес болады. Бәкеннің көмегімен екі жақ құдалық ырымын істеседі.

Әнәпияның әйелі Шымпыр Әбубәкір мен Қожахметтің апасы, Әнәпия оны біздің жақтан 40 кісімен келіп әкеткен екен.

Зүпленді Әбубәкір (Шоқпыт) жиырма жасында алған. Төрт жылдан кейін Зүплен екі қабат болып, 1892 жылы қысқа салым Меңіреуде Сұлтанмахмұт туады. Сұлтанмахмұт жасында әдемі, толық, жылауды білмейтін сүйкімді бала болады. Жұрт оны қолдан-қолға түсірмей еркелетіп, өзін Мақыш деп атайды. Сұлтанмахмұт өзі де есейгенге шейін өзін Мақышпын деп жүрді. Тек 1911 жылы ғана, «Зарландым» әңгімесін жазғанда ғана бірінші рет олСұлтанмахмұт деген толық атты қойды.

Зүплен Сұлтанмахмұт туғаннан кейін екі жылдан соң Бәшенді (Байқоңыр) көтереді. Ол туғаннан кейін төрт айдан соң, 27 жасында, екі қарғасының қызығын көре алмай, Зүплен жастай қайтыс болады. Бұдан кейін Шоқпыт пен Қожахмет Қарауылдан өз елдеріне - Баянауылдағы Сүйіндікке көшеді. Шоқпыт Торайғыр көлін қыстап отырған Дүржанның қоңсысы болады. Дүржанның Қожахметтен басқа балалары ол кезде үйленбеген еді Сұлтанмахмұт екі-үш үйдің арасында жүгіріп жүрген жалғыз бала болатын. Ол Дүржанды «әке», Дарманды «әже», Жұматайды (менің шешем) «апа», Қожахметті (менің әкем), «қошақай» дейтін. Торайғыр - Сұлтанмахмұттың төртінші атасы. Біздердің өзіміздің ру аты болған Сүйіндіктен бері таратқандағы ата-тек шежіреміз төмендегідей:

Айдабол

Құлболды

Сүйіндік

Жанғозы

Төлебай

Едіге

Торайғыр

Әбет

Бөкет

Әбубәкір мен Қожақмет

Сұлтанмахмұт, Шәймерден.

Мен Сұлтанмахмұттың өмірі мен шығармаларының жазылу тарихын жеке кітап етіл жаздым. Ол Академияда сақтаулы. Оның бәрін келтіру мүмкін емес.

Шәймерден Торайғыров

1960, 15 июнь