«Сұңғыла сөздің сұлтаны – Сұлтанмахмұт»
Балқаш
аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен 27.04.2017ж. « Бір ел – бір
кітап» акциясы аясында «Сұңғыла сөздің сұлтаны – Сұлтанмахмұт» атты
тұлғалық әуезді кеш өткізілді.
Кешке №1 Бақанас орта мектебі және мектеп-интернат оқушылары, қазақ тілі, әдебиет пәнінің мұғалімдері,тәрбиешілер және де кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Кешті ашқан кітапханашы жыл сайынғы дәстүрмен өтетін «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы белгілі бір қаламгердің шығармасына арналып өткізелетіндігін, акцияның 2007 жылы Абайдың қара сөздерінен басталып, бүгінде көрнекті ақын С.Торайғыровтың шығармаларын насихаттауға ұласқанын, кештің негізгі мақсаты есімі елге кеңінен танымал, көрнекті ақын С.Торайғыровтың шығармаларының маңыздылығын, өміршеңдігін түсіндіре отырып, жастарды кітап оқуға баулу екенін айтып өтіп, кітапхананың тұрақты оқырмандарына сөз кезегін берді. Жүргізуші ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, кеш қонақтарына «Шешен сөзді, сұлу талғамды ақын» атты слайд шолуды ұсынса, поэзия минутында кітапхананың үздік оқырмандары, «Мөлдір бұлақ» клубының мүшелері ақынның жырларынан «Қандай», «Қазақ тілі», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы», «Алаш ұраны», «Адасқан өмір», «Арманым», «Оқу», «Таныстыру» үзінділерді нақышына келтіре жатқа мәнерлеп оқыды. Небары 27 жыл өмір сүрген ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров туған халқын ездіктен ерлікке, қараңғылықтан білімнің биік шыңына шақырып, артында өлмес мұра қалдырды. Шара барысында осының айғағы ретінде «Жыр мұхитының жиһангері» атты кітап көрмесі қойылды. Көрмеге ақын шығармалары мен ақын туралы жазылған әдебиеттер қойылды. Кітапханашы көрмеге библиографиялық шолу жасап, «Бір ел – бір кітап» акциясы туралы мағлұмат берді. Шараға жиналған қауым арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына орай викториналық сұрақтар мен ақынның жырларына «Мозайка» ойыны ұйымдастырылды. Кеш қонақтары өз ойларын ортаға салды. Мектеп интернат кітапханашысы Жанна Нахақызы өз арнауын тарту етті. Кеш ақынның «Алаш туы» өлеңімен қорытындыланды.